17-лекция

Тақырыбы: Дәстүрлі сабақтар, олардың ерекшелігі. Сабақ-мектептегі оқу процесін ұйымдастырудағы негізгі формасы. Сабаққа қойылатын талаптар

Мақсаты: Дәстүрлі сабақтар, олардың ерекшелігін, сабақ-мектептегі оқу процесін ұйымдастырудағы негізгі формасы және сабаққа қойылатын талаптарды меңгерту.

Жоспары

1. Дәстүрлі сабақтар, олардың ерекшелігі.

2. Сабақ - оқу  үрдісін  ұйымдастырудың  негізгі  формасы

3. Сабаққа қойылатын талаптар

 

  1. Дәстүрлі сабақтар, олардың ерекшелігі.    

 Сабақ - оқу жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше екенін білу қажет. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді. Сабақ-күрделі психологиялық және дидактикалық процесс, онда оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылады. Оқыту процесінің негізгі компоненттері (құрылымдық бөліктері) мақсаты, мазмұны, әдіс-тәсілдері, бақылау мен бағалау - сабақта да орын алатыны заңдылық.

     Дидактикада Я.К.Коменский, И.Ф.Гербарт, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов т.б. негізін салған оқыту теориясында - сабақтарды топтастыруға байланысты қалыптасқан көзқарас бар екені белгілі. Сондай-ақ, кеңес дәуірінде және одан кейінгі кездерде жарық көрген дидактикалық еңбектерде сабақтарды топтастыру жалпы алғанда, мынандай критерийлерге негізделеді.

     1.Сабақтың дидактикалық мақсаты;

     2.Сабақтың құрылымы (дидактикалық кезеңдері, этаптары);

     3.Сабақта қолданылатын негізгі бір әдісі.

     Бірінші белгіге байланысты сабақтың мына түрлері анықталады: кіріспе сабақ, жаңа білім беру сабағы, бекіту, қайталау, дағды қалыптастыру сабақтары, білім тексеру , бағалау сабағы т.б. Екінші белгі бойынша - аралас сабақ, пәнаралық сабақ т.б. Үшінші белгі бойынша–пікірталас сабағы, компьютерлік сабақ т.б. Әрине, бұлардың жеке пәндерді оқыту ерекшеліктеріне байланысты түрлі нұсқалары, өзгермелі түрлері болуы мүмкін.

2. Сабақ - оқу  үрдісін  ұйымдастырудың  негізгі  формасы

 Сабақ - жастары шамалас топқа ұйымдасқан оқушылардың класс деп аталатын тұрақты құрамымен, мұғалімнің басшылығымен ортақ оқу бағдарлама арқылы қатаң сабақ кестесі бойынша жүргізілетін оқу түрі. Сабақ барысында оқушылар білім, білік, дағдыны иемденеді , олардың қабілеттері, қызмет тәжірибесі, араласуы және өзіндік көзқарастары дамиды, сонымен бірге мұғалімнің педагогикалық шеберлігі жетіледі. Сабақ оқыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы болу себебі - ол алдымен мұғалімге оқытатын пәннің мазмұнын жүйелі түрде баяндауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сабақ баланың оқу әрекетінің кластан тыс және үйдегі түрлерін орындауға бағыт–бағдар беріп, жетекшілік ролін атқарады.

     Педагогикалық оқыту үрдісінде сабақтың артықшылықтары оның фронтальды, топтық және жекелей жұмыстарды өзара үйлестіре біріктіру мүмкіндігінің молдығында; мұғалімнің материалды жүйелі және ретімен түсіндіруге, оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуын басқаруға және ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, оқушылардың басқа да оқу түрлерін, соның ішінде кластан тыс және үй тапсырмаларын орындауға ынталандырады; оқушылар сабақта тек білім, білік және дағды жүйесін ғана емес, танымдық қызмет әдістерінің өзін де иемденеді; сабақ педагогикалық қызметтің мазмұны мен әдістері арқылы тәрбиелік міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

     Сабақ - бәрінен бұрын ол мұғалім оқушының жеке тұлға тұрғысында дамуына, ойлау қабілетінің жылдам өсуіне, білімді, ойды және оны терең игеруіне, онда адамгершілік негіздерді қалыптастыруға бар мүмкіндіктерін пайдаланатын негізгі сәттер.

     Ж. Аймауытовтың тұжырымдамасына сәйкес, «Сабақ беру – үйреншікті емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ендеше, сабақтың жемісті болуы мұғалімнен үлкен шеберлікті және өнерді, еңбекті қажет етеді.

     В.А.Сухомлинский сабақтың атқаратын ролін жоғары бағалап былай тұжырымдаған: «Сабақ-мұғалім күнбе-күн оқушыларға білім, тәрбие беретін және жан-жақты дамытатын оқу-тәрбие процесінің негізгі саласы», және «Сабақ мұғалімнің жалпы және педагогикалық мәдениетінің бет-бейнесі, оның интеллектілік байлығының өлшемі, оның ой-өрісінің, эрудициясының көрсеткіші». Яғни сабақта мұғалімнің жеке басының үлгісі оқушылар үшін маңызды болып табылады.

     Сабақ оқытудың ұйымдастырылған түрі ретінде–динамикалық құбылыс. Ол педагогикалық үрдістің негізгі даму тенденцияларын оның біртұтастығы бағытында бейнелей отырып, ұдайы дамиды. Бәрінен бұрын ол оқытудың үш бірлік: білім беру - тәрбие - дамыту қызметін тиімді іске асыруда көрінеді, олай болса, оқушылардың табиғи қасиеттерін шығармашыл дамытуға бағытталғандығымен айқындалады.

     Сабақты дамытудың басқа тенденциясы әр сабақты өмірлік маңызды мазмұнмен толықтыруда, оқытуды оқушы өмірінің табиғи құрамдас бөлігі ретінде ұйымдастырудан көрінеді. Осыған байланысты сабақ танымның арнайы ұйымдастырылған формасы болып қана қоймайды, сондай-ақ әлеуметтік және адамгершілік тұрғысынан алғанда толыққанды араласу болып табылады.

     Дүниетану сабақтары бастауыш класта оқытылатын басқа пәндік сабақтардан өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Дүниетану сабақтарында  мұғалім жаратылыстану ғылымдарын меңгертуге арналған оқыту әдістері қолданады, ол өз кезегінде жоғарғы кластарда физика, география, биология, химия пәндерін оқып үйренуге жоғары деңгейде мүмкіндік жасайды. Бұл әдістер табиғат объектілері мен құбылыстарды бақылау, практикалық жұмыстар мен тәжірибе қою (жасау), экскурсия кезіндегі түрлі жұмыстар және т.б. Нәтижесінде жаратылыс құбылыстары мен заттарын толық тани отырып, олардың себебін де түсіндіріп, жан-жақты талдап, қорытындылауға машықтанады, бұл баланың белгілі деңгейде білімінің кеңеюіне және оның логикалық ойлау қабілетінің қалыптасып, дамуына көмектеседі.

     Барлық сабақтар дидактикалық мақсаттары мен оқыту әдістеріне қарай 4 типке бөлуге болады.

     1. Жаңа білім, дағдылар мен машықтар  қалыптасатын сабақтар;

     2. Білім мен дағдыны жетілдіретін, тиянақтайтын сабақтар; жинақтап, қорыту сабақтары;

     3. Білімді тексеру сабақтары.

     4. Аралас сабақтар.

     Дидактикада белгілі жаңа білім негізінен бұрынан алған білімдерге сүйене отырып берілуі тиіс. Сондықтан жаңа сабақты хабарлай отырып, бұрынғы алған білімдерін міндетті түрде тексеріп, еске түсіру кезеңі орын алу шарт. Міне осы тұрғыда бастауыш класта көбіне аралас сабақ типі басымдық көрсетеді. Себебі аралас сабақ типіне білім меңгертудің барлық процестері тән, айталық жаңа білім беру, бұрын алған білімдерін тексеру, дамыту және пысықтау кезеңдері нақты орындалады. Ал бастауыш класта бұл кезеңдер міндетті түрде әр сабақта болуы тиіс.

     Мұндай сабақтардың құрылымы түрліше болуы мүмкін. Жаңа сабақты түсіндіру үшін алдыңғы сабақ оны меңгертудің базасы болу мүмкін, бұл жағдайда жаңа сабақ бұрыннан алған білімдерін тексеруден басталады.

     Кей жағдайда жаңа білім беру үшін алдыңғы сабақтардағы білімдердің қажеттігі шектеулі болады да, тек жаңа білімді хабарлау, меңгерту кезеңдерінен ғана тұруы мүмкін.

     Сондай-ақ жаңа сабақ материалдары алдымен оқушыларға түсіндіріледі, оқушыларды кірістер сұрау жүргізе отырып, пысықтап бекітеді, әрі тексеру жүргізілуі мүмкін.

     Ал сабақтың жаңа материалын оқушылармен бірге талдай отырып меңгерту, яғни оқушыларды шығармашылық тұрғыда ойландыру кезеңі басым жүретін сабақ типі басқа құрылымда құрастырылады.

          Жақсы сабақ төмендегі мына белгілер арқылы сипатталады:

     -оқушыларды логикалық тұрғыда ойлантуға яғни проблемалы құрылған тәсілдер кіріктірілген;

     -оқушылардың белсенділігін тудырған жағдай;

     -мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі;

     Оқу - тәрбие процесіндагі алуандық оқу материалдарының мазмұны мен мақсатына байланысты түрлі әдістер мен әдістемелік тәсілдерді, ұйымдастыру формаларын қолдану талап етіледі және осыған орай сабақтар да түрліше болады. Олар түрліше болғанымен барлығы баланың ойлау қызметін дамытуға, тапқырлыққа және қоршаған дүниені танып білуге ұмтылуына бағытталуы шарт.

3. Сабақты нәтижелі ұйымдастыруға нақты мынандай талаптар қойылады:

     1. Мектептегі сабаққа қойылатын негізгі талап - сабақта оқытудың жалпы білім беру, тәрбиелеу және дамытушы қызметтерін  жүзеге асыру болып табылады.

     2. Әр сабақтың айқын мақсаты, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын – ала белгілі болуы тиіс.

     3. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет. Бұл орайда Ж.Аймауытовтың мұғалімге сабаққа байланысты берген төмендегі бағалы нұсқауларын есте сақтаған жөн.

     а) Жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру.

     б) Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталан- дырып, ілтипат  аудару.

     в) Қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың қызығушылығын тудыратын қызықты мәліметтерді ғана сөйлеп үйрету.

     г) Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан алшақтап, лайықты салыстыру, ұқсастыру және түрлі оңтайлы әдістермен оқытуды жандандыру.

     д) Оқыту деректі, көрнекі болу, осыған сай түрлі жобаларды дұрыс қолдану.

     е) Оқушыларды ынталандыру үшін үйрететін нәрсеге мұғалім өзі де ынталану, өзі де жақсы көру керек; мұғалім сүйген нәрсені оқушыда сүйеді.

     4. Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай-ақ, сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс. 

     5. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.

     6. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойын элементтерін тиімді қолдану керек.

     «Баланың ынтасын тарту үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» – деп, Ж. Аймауытов жай айтпаған.

     Сабақта оқушылардың таным белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету.

Бақылау сұрақтары:

1. Дәстүрлі сабақтар, олардың ерекшелігі қандай?

2. Дәстүрлі сабақтардың құрылымы қандай?

3. Дәстүрлі оқытудың принциптері?

4. Сабақ  дегеніміз не?

5. Сабаққа қойылатын талаптар

6. Сабақ құрылымы дегеніміз не?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.

 

18-лекция

Тақырыбы:  Сабақ типтері: кіріспе, қорытынды, топсеруен, сарамандық, зертханалық, аралас, заттық, олардың ерекшеліктері

Мақсаты: Сабақ типтері ( кіріспе, қорытынды, топсеруен, сарамандық, зертханалық, аралас, заттық,)  және олардың ерекшеліктерін меңгерту.

Жоспары

1.Сабақ типтеріне жіктелу принциптері

2. Сабақ типтері ( кіріспе, қорытынды, топсеруен, сарамандық, зертханалық, аралас, заттық,)  және олардың ерекшеліктері.

1.Сабақ типтеріне жіктелу принциптері

Сабақ - оқу жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше екенін білу қажет. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді. Сабақ-күрделі психологиялық және дидактикалық процесс, онда оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылады. Оқыту процесінің негізгі компоненттері (құрылымдық бөліктері) мақсаты, мазмұны, әдіс-тәсілдері, бақылау мен бағалау - сабақта да орын алатыны заңдылық.

     Дидактикада Я.К.Коменский, И.Ф.Гербарт, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов т.б. негізін салған оқыту теориясында - сабақтарды топтастыруға байланысты қалыптасқан көзқарас бар екені белгілі. Сондай-ақ, кеңес дәуірінде және одан кейінгі кездерде жарық көрген дидактикалық еңбектерде сабақтарды топтастыру жалпы алғанда, мынандай критерийлерге негізделеді.

     1.Сабақтың дидактикалық мақсаты;

     2.Сабақтың құрылымы (дидактикалық кезеңдері, этаптары);

     3.Сабақта қолданылатын негізгі бір әдісі.

Сабақтың түрлері мен оның құрылымы сабақты жетілдіру жолындағы маңызды проблемалардың бірі. Әсіресе сабақтарды топтастыру туралы әртүрлі көзқарастар бар. Қазіргі кездегі дидактикада сабақтарды топтастыру мынадай белгілерге негізделеді оқыту мен нақты сабақтың мақсат-міндеттері және сабақтың кезеңдері - құрылымды бөліктері. Осыған орай сабақтардың мынадай негізгі типтеріне, түрлеріне ажыратуға  болады

     1. Жаңа білімді хабарлау сабақтары.

     2. Жинақтау және қайталау сабақтары.

     3. Білік пен дағдыларды қалыптастыру сабақтары.

     4. Білімді тексеру, бақылау сабақтары.  

     5. Аралас сабақтар.

     Бірінші белгіге байланысты сабақтың мына түрлері анықталады: кіріспе сабақ, жаңа білім беру сабағы, бекіту, қайталау, дағды қалыптастыру сабақтары, білім тексеру , бағалау сабағы т.б. Екінші белгі бойынша - аралас сабақ, пәнаралық сабақ т.б. Үшінші белгі бойынша–пікір-талас сабағы, компьютерлік сабақ т.б. Әрине, бұлардың жеке пәндерді оқыту ерекшеліктеріне байланысты түрлі нұсқалары, өзгермелі түрлері болуы мүмкін.

     Сабақ біртұтас құбылыс бола тұрып, бірнеше, түрлі дидактикалық мақсаттардың  орындалуын талап етеді. Мұғалім алдымен оқушыларды сабаққа дайындау, одан кейін өткен материалды еске түсіру, жаңа материалды түсіндіру, оны бекіту, үй тапсырмасын беру сияқты мақсаттарды көздейді. Осындай  мақсаттарды орындауға бағытталған сабақтың белгілі кезеңдері, құрылымды бөліктері болады, олар сабақтың басталуы, үйге берген тапсырманы тексеру, оны пысықтау және нұсқау беру, мұндай жағдайда сабақ құрылымы толық сақталған делінеді. Сонымен сабақ құрылымы - деп сабақтың  барысында  оның құрамды бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады.

   2. Сабақ типтері ( кіріспе, қорытынды, топсеруен, сарамандық, зертханалық, аралас, заттық,)  және олардың ерекшеліктері.

  Сабақтардың құрылымы оқытудың мақсат - міндеттеріне, оқу материалының мазмұнын ары қарай және қолданатын әдіс - тәсілдеріне байланысты әр түрлі  болып келеді.

Жаңа  білімді  хабарлау  сабағының  құрылымы

     1. Сабақтың ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.

     2. Сабақтың  мақсаты мен  міндеттерін  қою.

     3. Жаңа материалды түсіндіруге оқушыларды дайындау, олардың ынтасы мен қызығуын тудыру, өткендерді еске түсіру.

     4. Жаңа материалды түсіндіру. Бұл - сабақтың негізгі бөлігі мен кезеңі. Сондықтан оған баса назар аудару керек.

     5.Сабақты қорытындылау және үйге тапсырма беру.

Бекіту сабағының құрылымы

     1. Сабақтың ұйымдастырылу кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.

     2. Сабақтың мақсаттары мен міндеттерін қою.

     3. Бұрын өтілген материалдарды бекіту. Түрлі жаттығулар мен практикалық тәсілдер, ойын элементтерін қолдана жүргізу. Бұл сабақтың негізгі бөлімі мен кезеңі. Оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне және ұжымдық орындау тәртібін сақтауға баса назар аудару керек.

     4. Сабақты қорытындылау, талдау және үйге тапсырма беру.

Білімді тексеру (бақылау) сабағының құрылымы

  1. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.
  2. Бақылау жұмысының мақсатын түсіндіру.
  3. Бақылау жұмысының мазмұны мен орындау тәртібін таныстыру.
  4. Жұмысты оқушылардың өздігінен орындауын қадағалау.
  5. Сабақты қорытындылау.

Дүниетану пәні бойынша ерекше сипаттағы сабақ типтері жүзеге асады. Мысалы, түсіндіріп оқыту сабағы, заттық сабақтар, тәжірибе көрсету сабағы.

Бақылау сұрақтары:

1. Сабақ типтері және олардың ерекшеліктері қандай?

2. Әр түрлі сабақ типтерінің құрылымын сипатта.

3. Дүниетану пәніне тән ерекше сабақ типтері?

4. Олардың мазмұны қалай ерекшеленеді?

5. Оларды ұйымдастыруындағы ерекшеліктер?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.